5 – тақырып Жүккөтеру машиналарын техникалық куәландыру. Жұмыс режимдері. Қауіпсіздік құралдары

 

 

Жүккөтеру машиналары жұмысқа тек Мемтехбақылаумен куәландырылғаннан кейін ғана жіберіледі. Техникалық куәландырудың нәтижелері тіркеуге жататын әрбір жүккөтеру машинасында болатын сынақ журналына енгізіледі. 

Техникалық куәландырудың толық және бөлікті түрін ажыратады. Толық  техникалық куәландыру жұмыстың үш түрінен тұрады:

қарау;

– статикалық сынақтар;

– динамикалық сынақтар.

Көрсетілген жұмыс түрлері тізімде көрсетілген тәртіп бойынша орындалады.

Бөлікті техникалық куәландыру кезінде тек қарау ғана орындалады.

Толық  техникалық куәландыру жүккөтеру машинасын пайдалануға ендірмес бұрын жүргізіледі(алғашқы техникалық куәландыру).  Пайдалану процесі кезінде үш жылда бір реттен кем емес кезеңдік техникалық куәландыру жүргізіледі. Кранды бір объектіден екіншіге оны бөлшектеумен, тасымалдаумен және жаңа объектіде жинақтаумен байланысты алмастырғанда кезектен тыс деп аталатын толық техникалық куәландыру орындалады және ол соңғы рет өткізілген кезеңдік куәландырудың мерзімінен тәуелсіз болады. Сирек қолданылатын крандарда кезеңдік техникалық куәландыру әр бес жыл сайын өткізіліп тұруы қажет. Сирек қолданылатын крандарға жабдықтарды жөндеуге арналған крандар жатқызылады.

Бөлікті техникалық куәландыру әрбір он екі айдан кейін өткізіліп тұрады.

Қарауда әрбір машинаның түйінінің және элементтерінің (жарықшалар, ілмектің тозуы (ілмектің тозуы 10 %-дан асатын болса ол жарамсыз болады) сенімділігі тексеріледі,  оның айналу жеңілдігі, жүктік арқандардың үйкелу дәрежесі, оларды бекітудің сенімділігі, қоршаулардың жағдайы, айдауға қарсы құрылғылардың сенімділігі, жерге қосылуы тексеріледі. Егер қараудың нәтижелері қанағаттанарлық болса, онда статикалық сынақтар өткізіледі.  

Статикалық сынақтар машинаның барлық  беріктілігін тексеру мақсатында жүргізіледі, консолі бар жебелі және козловой крандарда олардың орнықтылығын тексеру мақсатында жүргізіледі. Статикалық сынақтар берілгеннен  25 %  асатын жүктемеде жүргізіледі. Статикалық сынақтарда жүкті 200 ден 300 мм дейін биіктікке көтереді және осы қалыпта он минут ұстап тұрады. Содан кейін жүкті түсіреді де кранның металқұрылымының қалдық деформациясының шамасын анықтайды.  Жебелі крандарға бастапқы статикалық сынақтарды тиісті жүктеме бойынша жебенің ең үлкен және ең аз ұшуында жүргізеді. Кезеңдік сынақтарда крандарды ең үлкен жүккөтерімдікке сәйкес келетін жебенің ұшуында тексереді. Кранның бұрылатын бөлігін статикалық сынақтарда ең аз орнықтылық қалыбына келтіреді. Егер орнықтылықтың шығыны, жүктің өздігінен түсуі және қалдық деформация байқалмаса кран сынақтан өтті деп есептеледі. Статикалық сынақтан қанағаттанарлық нәтиже алғаннан кейін кран динамикалық сынақтарға жіберіледі.

Динамикалық сынақтар. Динамикалық сынақтарға статикалық сынақтан өткен машиналар жіберіледі. Бұл сынақтар механизмдер мен тежеуіш құрылғыларының қызметін тексеру мақсатында жүргізіледі. Сынақтар берілген жүккөтерімдіктен 10 % асатын жүкпен өткізіледі, бірақ берілген жүктемеде де жүргізуге рұқсат беріледі.

Механизмдердің қызметін оларды жеке қосу арқылы тексереді. Жебенің ұшуын өзгертетін механизмді ең үлкен ұшуға сәйкес келетін жүктемеде тексереді. Динамикалық сынақтарда барлық  шеткі ажыратқыштардың жұмысы тексеріледі, сонымен қатар анемометрдің, жүктің салмағын берілгеннен  10%-ға арттырғанда жұмыс істейтін жүккөтерімділікті шектеуіштің жұмысы тексеріледі. Егер жүккөтеру машиналарының механизмдерінде екі тежеуіш орнатылса, онда олардың жұмысы әр біреуі жеке қосылып тұрғанда тексеріледі. Жүктіұстау құрылғылары динамикалық сынақтарда берілгеннен 25% асатын жүктемеде тексеріледі.